$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі: шағын құрамдағы отырыста не айтылды

Саммитте қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды

ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі: шағын құрамдағы отырыста не айтылды
Фото: Ақорда

ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында қызметтердің еркін саудасы, инвестицияларды құру, қызмет көрсету және жүзеге асыру туралы келісім жобасында жұмысты жандандыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ТМД Мемлекеттері Басшылары кеңесінің отырысы аясындағы бриифнг кезінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Министрдің айтуынша, сұрақтардың басым бөлігі мәдени-гуманитарлық салаға арналды. ТМД-да қабылданған «бір жыл – бір тақырып» формуласына байланысты мемлекет басшылары ТМД-дағы тақырыптық жылдар туралы мәселені қарауға баса назар аударған.

«2024 жылды волонтерлік қозғалыс жылы, 2025 жылды – Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орай Бейбітшілік пен Бірлік жылы, 2026 жылды Денсаулық сақтау жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Қалыптасқан дәстүр бойынша ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін берген кезекті қаланы белгіледі. Ресей Федерациясының ұсынысы бойынша және басқа мемлекеттердің қолдауымен 2023 жылы олар Санкт-Петербург қаласы болады», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Ведомство басшысы интеграциялық өзара іс-қимылдағы мәдени құрамдас бөліктің ерекше рөлін атап өтіп, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы өтінішті қабылдағанын айтты.

Саммиттің тағы бір құжаты мемлекет басшыларының Климаттық саладағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі болды, онда ТМД елдерінің Климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша бірлескен іс-қимылдарының маңыздылығы атап өтілді.

«Саммитте қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша ТМД-да бақылаушы және серіктес мәртебесін құру туралы құжаттарды дайындау жұмыстары басталады. Бұл Достастықтың жұмысына басқа елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға мүмкіндік береді», - деп нақтылады министр.

Бұдан бөлек, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында жаңа ереже қабылданғаны белгілі болды.

«Саммиттің басқа шешімдеріне екі халықаралық шартқа қол қою жатады. Бұл-ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы келісім және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастық туралы келісім», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Отырыста мемлекет басшылары Сергей Николаевич Лебедевті 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мерзімге ТМД Бас хатшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылдағаны мәлім болды.

«Саммит қорытындысы бойынша келесі жылы ТМД-дағы төрағалық эстафетасын Қырғызстанға тапсыру және Бішкек қаласында ұйымның кезекті саммитін өткізу туралы шешім қабылданды. Жалпы, қазақстандық тарап бүгінгі іс-шараның қорытындыларына қанағаттанды. ТМД-ның Астана Саммиті мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті қадам болатынына сенімдіміз», - деді Сыртқы істер министрі.

Серіктес жаңалықтары