Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген
Парламент «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын талқылайды. Бұл туралы палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленгенін еске салды.
«Заң жобасының мақсаты – Қазақстан аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағандарды қылмыстық жауаптылықтан босату немесе сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту. Құжат азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам жағынан мейірімділік және ізгілік актісі болып отыр», - деді Арман Қожахметов.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғаларына бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан болатын.