Қазақстанда алдағы күндері ауа райы жылы болады – синоптиктер
Кей өңірде күндіз ауа температурасы 15-20 градусқа дейін жылиды

Синоптиктер 11-13 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Еуропалық антициклонның әсерінен жаңа жұмыс аптасының басында Қазақстан аумағында жауын-шашын тоқтап, күндіз ауа температурасы жоғарылауы мүмкін», - дейді «Қазгидромет» РМК өкілдері.
Еліміздің батысына Қара теңіз аудандарынан тағы бір циклон жылжуына байланысты бұлтты және жаңбырлы ауа райы болуы мүмкін.
«Қазақстанның солтүстігінде және орталығында термометр бағандары күндізгі уақытта 15-20 градус жылыға дейін, шығыста 13-18 градус жылыға дейін және оңтүстікте 20-25 градус жылыға дейін жоғарылайды», - дейді синоптиктер.
Ал елдің батысында ауа температурасының 10-18 градус жылыға дейін біртіндеп төмендеуі мүмкін.