Қарағандыда адам өлтіріп, мәйітін қораға көміп тастаған қала тұрғыны қолға түсті
33 жастағы қала тұрғыны 15 шілдеде жоғалып кеткен
Қарағандылық полицейлер із-түссіз жоғалып кеткен азаматтың мәйітін тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оның нақты мекенжайын анықтау шаралары екі айдан астам жүргізілді. Жоғалған азаматты іздеуге оның жақындары мен еріктілер жұмылдырылды.
«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттері барысында криминалдық полиция қызметкерлері жоғалған азаматты өлтірді деген күдікпен 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол жәбірленушімен сөзге келіп, ақыры өлтіргенін және қылмысын жасыру үшін мәйітті жер үйлердің бірінің қорасында көміп тастағанын мойындады», -деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.