Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге 519 млн теңге өтемақы төленді
Аудан орталығының іргесінен тұтас бір жаңа ауыл бой көтереді
Қостанай облысы Әулиекөл ауданында алапат өрттің болғанына айдан астам уақыт өтті. Қызыл жалын 43 мың гектар алқапты шарпыды. Өрт салдарынан бір адам қайтыс болды. Ең көп зардап шеккен Аманқарағай ауылында 91 отбасы баспанасынан айрылып, далада қалды. Ал 75 үй жартылай жанып кетті. Ал Озерное ауылында 8, Лесное елдімекенінде 1 баспана өртенді. Күл мен қоқысқа айналған ғимараттар, тақырланған жер сол апатты еріксіз еске түсіреді. Дегенмен, тіршілік жалғасып жатыр. Өрттен келген шығын көлемі әлі күнге есептелуде, ал зардап шеккен азаматтарға жалпы сомасы 519 млн теңге өтемақы берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ӨРТТЕН КЕЙІН ЖАҢА АУЫЛ БОЙ КӨТЕРІП КЕЛЕДІ
Қазір аудан орталығының іргесінен жер бөлініп, жаңа үйлер салынып жатыр. Құрылыс қарқынды. 8 компаниядан 600-ден астам құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Белгіленген меже – 1 қараша. Аталған мерзімге дейін жаңа баспаналардың кілті тұрғындарға тапсырылуы тиіс. Әр отбасына 10 сотықтан жер беріледі. Баспаналардың көлемі 100 шаршы метрден. Жаңа елдімекенге жалпы ауданы 12 гектар жер бөлінді. Өрт салдарынан барынан айрылған тұрғындар үшін бұл көмек көңілге медеу. Жұмакүл Рахметованың үйі толық жанып кеткен. Қазір көршісінің бос тұрған баспанасын уақытша жалдап отыр. Жаңадан 91 үй салынып жатқанына қуанып, кілтін алар сәтті тағатсыздана күтіп жүр. Жаңа баспаналар өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншігіне берілетін болады.
«Ауылымыз керемет еді. Таңнан далада балалар ойнап, мәрә-сәре болатын. Шал-кемпір де күңікілдесіп, әңгіме айтып, бәріміз серпіліп қалатынбыз. Табиғаттың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бәрі бір сағаттың ішінде жоқ болды. Жиған-тергеннің бәрі кетті. Бұдан кейін аяқтан тік тұрып кету де оңай емес. Өзіміз аман қалғанымызға шүкіршілік етеміз. Үй беріп жатқанына қуанамыз», - дейді Аманқарағай ауылының тұрғыны Жұмакүл Рахметова.
Жергілікті әкімдік аман қалған үйлердің маңайын абаттандырып, барлық жағдайды жасаймыз деп отыр. Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары өртенген, бірақ оған дейін құжаты болмаған үй иелеріне екі баспана салып беруді жоспарлап отыр.
«Таң бозарғаннан күн батқанша жұмыс істеп жатырмыз. Материал жеткілікті. Сапалысы жеткізіліп жатыр. Уақыт тығыз. Сондықтан жұмысты дер кезінде аяқтау керек», - дейді құрылысшы Болат Олжабайұлы.
91 үйді салуға 2 млрд 200 млн теңге бөлінген. Жарық, су, газ, бәрі тартылып жатыр. Оның үстіне, осы жерден 280 орындық балабақша тұрғызылмақ. Құрылысқа 1,3 млрд теңге жұмсалмақ.
Аудан орталығының іргесінен тұтас бір жаңа ауыл бой көтереді. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен 2,2 млрд теңге бөлінді.
ҮЙЛЕРІ АМАН ҚАЛҒАН ТҰРҒЫНДАР АУЫЛДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Өрттен үйі аман қалғандардың бірі – Айгүл Кәрімова. Оның тек қорасы жанып. Көмек ретінде 1 млн 700 мың теңгедей көмек алыпты. Бірақ бұл жерде қалғысы келмейді екен.
«Біз бар күшімізді салып, үйімізді аман алып қалдық. Оған айыпты емеспіз ғой. Баспанасыз қалғандарға жаңа үй беріп жатыр. Олар көшіп кетеді. Біз қалып қоятын болдық. Ауылдың тоз-тозы шықты. Сонда үйіміздің өртенгеніне қарап тұруымыз керек пе еді», - дейді Айгүл Кәрімова.
Аманқарағай ауылында көбінің қорасы, сырттағы мал-мүлкі жанып кетті. Түгел өртенген үйлер сүріп тасталған. Қазір ауыл ішінде күл басқан тақыр жер көп. Бір көшенің өзінде 5-6 үй өртеніп кеткен. Бүтін сақталып қалғандары да бар. Өрт балаларға да оңай тиген жоқ.
«Екі досым бар еді. Бірге доп тебетінбіз. Олардың үйі жанып, өздері көшіп кетті. Жалғызсырап қалдым. Өрт бәрінің үрейін ұшырды. Жағалай жалын шарпып, айнала көк түтінге оранғанда қатты қорықтық. Қазір ауылымыз қаңырап қалғандай», - дейді мектеп оқушысы Рүстем Рахметов.
АРТЫЛҒАН ГУМАТИНАРЛЫҚ КӨМЕК ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА ТАРАТЫЛЫП БЕРІЛДІ
Қазір өрттен зардап шеккен тұрғындардың бәрі туыстарының үйіне кеткен. Уақытша паналайтын арнайы орында ешкім жоқ. Оқыс оқиға басталғалы бері Әулиекөл ауданына 1300 тоннадан аса гуманитарлық көмек келген.
«Зардап шеккендер баспанасыз қалды. Бұл уақытша болса да, оңай емес. Келген гуманитарлық көмекті таратып бердік. Қазір бәрі жеткілікті. Халық азық-түлікті үйіп тастады. Қаражат жағынан көмек артықшылық етпес еді», - дейді Әулиекөл ауданы мәслихатының хатшысы Дәулет Қойшыбаев.
Гуманитарлық көмек көп болғандықтан, аудандағы материалдық жағдайы төмен отбасылар мен зейнеткерлерге де таратылған. Әулиекөлдегі апаттан есеңгіреген тұрғындарға тұтас ел қол ұшын созды. Қазір аудандағы ахуал түзеліп келеді.
Тұрғындардан басқа, 14 кәсіпкерлік субъектісі зардап шекті. Оларға өрттен келген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде. Шығынды өтеу өрттен келген шығын көлемі бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті құжаттары болған жағдайда ғана беріледі.
Ал орманда экологтар зерттеу жүргізуде. Әзірге нақты жауап жоқ. Ал өртенген орман қалпына келуі үшін кем дегенде 50-70 жыл керек дейді мамандар.