Қаңтарда қазақстандықтар көлік сатып алуға 60 млрд теңге жұмсаған

Автор: Azattyq Rýhy

Автокөлік саудасы былтырғы жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға өскен

Фото: krisha.kz

Қазақстандықтар қаңтар айында автокөлік сатып алуға 60 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде 50,9 млрд теңге немесе 134,3 миллион доллар жаңа автокөлік, жүк көлігі мен автобус сатып алуға кеткен, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстандық автобизнес ассоциациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың қаңтар айындағы автокөлік саудасы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 20,2 пайызға өскен. Қазақстандық автобизнес ассоциациясының мәліметі бойынша, ресми дилерлер 4951 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, 393 жүк көлігі мен автобус сатқан. 

«Әдетте қаңтар айында (12 ай ішінде - ред.) ең төменгі көрсеткіш тіркеледі. Яғни, 2020 жылы автокөлік саудасы әлі де өседі деуге толық негіз бар. Бір жылға арналған нақты болжамды наурыз айында жасауға болады», - деді Қазақстандық автобизнес ассоциациясының вице-президенті Анар Мақашева.

Соңғы бес жыл ішінде ең көп сатылған көліктердің арасында Hyundai маркалы авто көш бастап тұр. Қаңтар айында Қостанайдағы көлік өндірісі 1,1 мың техника жасап шығарған. Бұл 2019 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 43 пайызға көп. Екінші орында Ravon, үшінші орында Toyota маркалы көліктер.

Жаңа автокөлік саудасы бойынша Алматы (1502) мен Нұр-Сұлтан (753) қалалары көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Шымкент (516), Атырау (298), Қарағанды қалалары (293).