Өскемендегі ауруханада өрттің шығуына медициналық мекеменің сантехниктері себепкер болуы мүмкін

Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

Өскемендегі ауруханада өрттің шығуына медициналық мекеменің сантехниктері себепкер болуы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Өскемендегі №4 қалалық ауруханада өрт шығуына медициналық мекеменің сантехниктері себепкер болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

6 қазан күні түнгі сағат 01.00 шамасында Өскемендегі Серікбаев көшесінде орналасқан №4 қалалық аурухананың жертөлесінен өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жеткен. Сондай-ақ медициналық мекемеге ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғытов пен қала әкімі Жақсылық Омар келді.

«Дереу ауруханадағы пациенттерді эвакуациялау басталды. Барлығы 59 науқас пен 12 медицина қызметкері қауіпсіз жерге көшірілген. Зардап шеккен ешкім жоқ. Сағат 02.30-да 12 шаршы метр аумақта жиһаздар мен заттарды шарпыған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Науқастарға қосымша медициналық көмек қажет болмады», - деп хабарлады облыстық Ақпарат орталығы.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына медициналық мекемеде жұмыс істейтін, ішімдік ішіп алған сантехниктер себепкер болған. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.