Тоқаев неліктен Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы шешім қабылдағанын айтты
Мемлекет басшысы ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды деді
«Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық». Мемлекет басшысы Астанада өткен Халықтық коалиция форумында осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды шешім болмақ.
«Тағы бір бастама – Президент өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу. Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашу керектігін атап өтті.
«Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс», -деп нақтылады Президент.