Семейдегі РСУ кентінің тұрғындары шошқа фермасының жабылуын талап етіп отыр

Azattyq Rýhy

Ал шаруашылық қожайыны шошқаларын сойып бітіре алмай жатқанын айтады

Семейдегі РСУ кентінің тұрғындары шошқа фермасының жабылуын талап етіп отыр
Фото ашық дереккөзден

Шаһарда шошқа өсірген. Семейдегі РСУ кентінің тұрғындары шошқа өсіретін ферманың жабылуын талап етуде. Өйткені елдімекен ішінде орналасқан шаруашылық тазалық талабын сақтамайды екен. Сасық иіс пен шыбын-шіркейден мезі болған жұрт қожалықты жабуды сұрап наразылыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Алайда кәсіпкер халық талабын ескерудің орнына торайларды көшеге шығарып жайып жіберемін деп сес көрсеткен.   Қоршаудың арғы бетінде шошқа өріп жүр. Жұрттың айтуынша, көршілері үш жыл бұрын ықшамаудан орталығынан шаруашылық құрған. Енді соның салдарынан тұрғындар терезесін ашып таза ауа мен тыныстаудан қалдық деп зар қағуда. Дария Қасымованың үйі дәл шошқа шаруашылығының іргесінде тұр. Қолқаны қабатын сасық иіс пен үймелеген көк шыбыннан есік-терезені ашудан қалдық дейді тұрғын. Сонымен қата, торайлардың шыңғырған дауысы түнімен маза бермейді дейді.

 «Есігімізді аша алмаймыз. Шыбын қаптап кетеді. Оның дәрісінің өзі удай қымбат. Балаларымыз ауырып жатыр. Үш немерем бар. Кіші немеремнің көзі іріңдеп, жаман болып тұр. Ауруханаға екі рет апардық. Дәрі берді», - деді РСУ кентінің тұрғыны Дария Қасымова.

Тұрғындар шошқа өсіретін көршіге талай барыпты. Алайда шошқа шаруашылығының басшысы тілдеспек түгелі, ешкімге есік ашпайтын көрінеді. Тіпті, жиналғандар шенеуніктерден де қайыр болмағанын айтады.

 Ал шаруашылық қожайыны шошқаларын сойып бітіре алмай жатқанын айтады. Қазір көбін етке өткізіп, пышаққа ілінбейтін торайларын бағып отырмын дейді. «Тіпті пайдадан көрі, шығынға баттым» деген азамат: «керек десеңдер, шошқаларды көшеге шығарып жіберемін» деп сес көрсетіп отыр. Ұлардай шулаған жұртты атқамінерлер де сабырға шақырып әлекке түсті. Олар тұрғындардың шағымынан кейін шаруашылыққа тексеріс жүргізгенін айтты. Қожалық иесі 800 бас шошқа асыраған, оның көбін сатып жіберіпті.

 «Өзінің қаншама жылғы еңбегі. Сол еңбегі болғандықтан, оны сатып құртамын деді. Бүгінде 24 шошқасы қалды. Шамамен 120. Кішкентайларын семіртіп сат дедім. Енді қайдан пайда көресің? Пайда көрмей жатыр. Ет бағасы түсіп кетті», - деді Абай облысы мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов.

Елдімекенде шошқа шаруашылығымен айналысқан азаматтың әрекетіне қатысты әкімдік өкілдері тіс жармады. Оған кімнің рұқсат бергені де белгісіз. Десе де тұрғындардың шағымынан кейін кәсіпкер шаруашылығын жабатын болды. Тіпті ауласын тазартып, жағымсыз иісті жоқ қылуға уәде беріп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.