«Қоқысын бізге қалдырады»: Астанада тұрғындар жәрмеңкенің үй маңында өткізілуіне қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Бұдан бөлек, сауда жасауға келген адамның көптігінен көлік кептелісі орнайды

Фото ашық дереккөзден

Елордалық бір топ тұрғын ауыл шаруашылық жәрмеңкенің тұрғын үй маңында өтетініне қарсы шықты. Себебі, тауар қалдықтары айналаны ластап, жағымсыз жағдай тудырады дейді. Бұдан бөлек, сауда жасауға келген адамның көптігінен көлік кептелісі орнап,  жолаушылар автобусы жүре көшеге кіре алмай қалады екен. Сондықтан қалалық әкімдіктен жәрмеңкені басқа жерге көшіруді талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Әр жексенбі сайын «Астана Арена» стадионының артына шаһар халқы жаппай ағылады. Себебі, ол жерде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі.  Оған арнайы орын дайындап, темір қоршауларды қоюға Астана әкімдігі 16 миллион теңге бөліпті. Мұнда нарықтағыдан арзанырақ бағаға көңіліңіз шапқан дәмді ала аласыз. Ауылдың қаймақ-майын, құрт-ірімшігін, бақшаның жеміс-жидек көкөнісін осы жәрмеңкеден табасың. Иә, жәрмеңке болғаны жақсы, бірақ сатушылардың сауда аяқталған соң артын шашып кететіні бұл маңайдағы тұрғындарға ұнамайды. Маусымнан тамызға дейін бұл жердің саудасын жергілікті шаруалар қыздырса, тамыздың соңынан бері өңірлерден келгендер жәрмеңкеге кезектесіп шығып жатыр. Келімді-кетімді адам көбейгеннен кейін, жол тарылып, кіріп-шығу мүмкін болмай қалады дейді азаматтар. 

 «Демалыс күндері үйімізден шыға алмай қаламыз. Жәрмеңкеге келушілердің көптігінен мұнда көлік кептелісі болады. Тіпті автобус та аялдамасына кіре алмай, айналып өтеді. Бұрын жәрмеңке «Хан шатырдың» артында өткізілген кезде ешкімге кедергі келтірмейтін. Неліктен тұрғын үйдің алдына әкеліп қойғанын түсінбедік», - дейді Астана тұрғыны Ақтолқын Рахметова.

Тұрғындардың жәрмеңкені басқа жерге көшірсе деген талабы бар. Бірақ Астана әкімдігі «бұл мүмкін емес» деп отыр. Себебі, биылға бюджет бөлініп қойған. Тек өңірлерді қос-қостан шақырып, ертерек аяқтай аламыз дейді. Былтыр ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі қарашаның соңына дейін жалғасса, биыл осы айдың аяғында бітеді. Ал тазалық жұмысы мінсіз. Тіпті асфальтқа дейін жуылады дейді әкімдік өкілдері.

 «Жинау жұмысы жүргізіледі. Бірақ өткенде бір техникалық себепке байланысты бірден жиналмады. Қазір, екінші аптада жексенбі күні бітеді, сағат алтыда келіп қоқыстың бәрін жинап кетеді», - дейді Астана қаласы кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция басқармасының бөлім басшысы Әбділ Балтатегі.

Ал тұрғындар айтқан ұсақ-түйек қалдықтар кейбір жауапсыз кәсіпкерлердің әрекеті деп ақталды шенеуніктер. Азаматтардың арызын ескеріп, келесі жылы ауылшаруашылық жәрмеңкесін қаланың басқа аумағында өткіземіз деп уәде берді.