Орталық Азия коммуникациялар фестивалі аясында Қазақстан «Жыл мемлекеті» атанды
Қазақстан атынан фестивальге қатысқандарға 50 марапат табысталды
Алматыда өткен Red Jolbors XI Орталық Азия коммуникациялар фестивалі аясында Қазақстан «Жыл мемлекеті» болып танылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан 450-ден астам адам қатысып, 360-тан астам жұмыс ұсынылды. Red Jolbors аясында білім беру бағдарламасы ұйымдастырылып, үздік коммуникациялық және жарнама шешімдері байқауы өтеді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстан «Жыл мемлекеті» атанды. Бұл атақ халықаралық қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп ұпай жинаған елге беріледі.
Әзербайжанның Endorphin компаниясы «Жылдың ең үздік агенттігі» деп танылды. Қазақстан атынан қатысқандарға 50, Өзбекстанға 24, Әзербайжанға 13 марапат табысталды.
«Red Jolbors-та біз әрқашан саланың ең қызықты және өзекті мәселелерін көтереміз. Жарнамалық агенттіктердің өкілдері және аймағымыздың маркетологтеріне тәжірибемізді айту үшін үздік сарапшыларды жинауға тырысамыз. Биылғы жылы конкурстың спикерлері мен қазылар алқасы жарнама және маркетинг саласындағы ең беделді марапаттардың иегерлері болды. Бүкіл құрамға 100-ге жуық Канн фестивалінің жүлдегерлері, сондай-ақ маркетинг саласындағы әлемдегі ең маңызды марапаттардың бірі – «Эффиліктер» кірді», - дейді Red Jolbors негізін қалаушы Сабина Рейнгольд.