$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанды ат спортының отаны ретінде дамытуға мүмкіндік мол - Әлібек Әлденей

Қазақстанды ат спортының отаны ретінде дамытуға мүмкіндік мол - Әлібек Әлденей
фото: Facebook/ Әлібек Әлденей

Қазақстанды ат спортының отаны ретінде дамытуға мүмкіндік мол. Бұл туралы «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастырған The Great Steppe Tour ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кеше рухани орда Түркістанда Ұлы Дала сарбаздары марапатталды.

«Соңғы екі аптада күндіз - таңдайды кептірген ыстыққа, түнде - бойды алған ызғарға қарамастан Ұлы Даланың төсімен 1200 шақырымды ат үстінде еңсерген ерлер қандай да мақтау-марапатқа лайық. Астанадан Қорғалжын мен Баршынға өтіп, Алаша хан мен Жошы хан кесенесіне арнайы соғып, ата-бабамызға Құран бағыштап, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласына тәу еткен шабандоздарымызға Ұлы Даланың өзі дем беріп тұрғандай еді. Он екі күн оңай болған жоқ: бабы келіспеген талай тұлпар орта жолда мүдірді. Қамшысын шарт бүккен талай азамат «Келесі жылы қалай да жеңеміз!» деп серт етті. Намысшыл жігіттер командалық есептен шығып қалса да, «атымызды сынаймыз» деп доданы жеке-дара жалғастырды. Ережеде жеке жарысу жоқ еді, бірақ кеудесінің оты бар жастарды алған беттен қайтару мүмкін емес еді», - деп жазды Әлібек Әлденей facebook-тегі парақшасында.

Жарыс қорытындысы бойынша төрт облыстың командасы жүлделі орындарға ие болды. Бұл дода тек тұлпар жарысы болған жоқ. Осы жолы атбегілер, бапкерлер,  шабандоздар мен жанкүйер ағайын - бәрі бір мақсатқа жұмылған, бірлігі ұйыған командалардың мерейі үстем болды.

«Көпшіл болу, өзгеге қол ұшын беру,  адамға жанашырлық  - далалық өркениетте ең ізгі қасиеттер екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Астанадан 19 өңірдің командасы аттанғанын жазғанбыз. Түркістанда жүлдегер 4 өңір командасынан бөлек тағы 6 өңірдің 13 шабандозы арнайы ынталандыру сыйлығына ие болды. Ұлы көшпенділердің ұрпағына тән өжеттік, табандылық пен төзімділік танытқан азаматтарға қарап әрі мақтанып, әрі марқайып қалдық», - деді Ә. Әлденей.

Осы доданы ұйымдастыруға Ұлттық спорт қауымдастығы мен Мәдениет және спорт министрлігі, «Самрұқ-Қазына» қоры, SportQory, «AMANAT» партиясы және жобаның Ұйымдастыру комитеті ұйытқы болды.

Сонымен қатар Әлібек Әлденей Қазақстан келесі Әлемдік көшпенділер ойынын өз жерінде өткізуге өтінім бергенін айтты.

«Меніңше, Ұлы Даланың мұрагері - Қазақстанды ат спортының отаны ретінде танытуға мүмкіндік мол»,-деп санайды ол.

Серіктес жаңалықтары