Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді
Президент Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесу барысында өңірде 9 мыңға жуық балаға мектептер орын жетіспейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ұстаздар мәртебесін көтеруде елімізде әлі де игі шаралар қолға алынатынын тілге тиек етті.
«Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады», - деді ол.
Президент өңірде IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқыту мәселесінің өзекті болып отырғанына тоқталды.
«Облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек. Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет. Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын», - деді Қ. Тоқаев.