Ресейге бағынышты тағы екі республика пайда болды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Путин бүгін тәуелсіздігін жариялаған аумақ басшыларымен кездесу өткізбек

© РИА Новости

Владимир Путин Херсон және Запорожье облыстарының тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Украинадан аннексияланған аумақтың тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа Ресей Федерациясының президенті қол қойды. Путин Херсон және Запорожье облыстарын тәуелсіз аумақтар деп тану туралы жарлыққа қол қойды. Құжаттар ресми интернет-порталда жарияланды.

«Халықаралық құқықтың жалпылай қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес, БҰҰ Жарғысында бекітілген халықтардың тең құқықтары мен өзін-өзі билеу принципін растай отырып, мен 2022 жылғы 27 қыркүйекте өткен референдумдағы Херсон облысы халқының еркін ескере келе, Запорожье/Херсон облысының егемендігі мен тәуелсіздігін мойындау туралы шешім қабылдадым», - делінген құжаттарда.

Украинаға тиесілі бұл аймақтарда Ресейге қосылу туралы референдум 23-27 қыркүйек аралығында өткен болатын.

Ресей президенті бүгін тәуелсіздігін жариялаған аумақтың басшыларымен кездесу өткізіп, келісімдерге қол қоймақ.

Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, Луганск және Донецк квазимемлекеттерінің тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтқан болатын.

Сондай-ақ өткен аптада Украинаның шығыс облыстарында болып жатқан референдумдарды Қазақстан заңды деп танымайтынын тағы бір мәрте мәлімдеді.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та пікір білдіріп, Қазақстан өзін-өзі тәуелсіз республика деп жариялаған ЛХР, ДХР, сондай-ақ Украинаның Запорожье және Херсон облыстарындағы референдум нәтижесін мойындамайтынын жеткізді.