Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ДХР мен ЛХР-дегі референдумға қатысты пікір білдірді
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров өзін-өзі тәуелсіз республика деп жариялаған ЛХР, ДХР, сондай-ақ Украинаның Запорожье және Херсон облыстарындағы референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өзін-өзі жариялаған ЛХР және ДХР мемлекеттері мен Запорожье және Херсон облыстарының әскери әкімшіліктері Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізсе, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру принциптерінен шығады», - деді Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол Қазақстан Президентінің бірнеше рет, соның ішінде БҰҰ мінберінде сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидасын табанды түрде сақтаудың маңыздылығын атап өткенін баса айтты.
Жарғыда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау және мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу жауапкершілігі туралы айтылады.
«Біз саяси диалогты жолға қоюға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік деңгейде де, жаһандық деңгейде де сақтауды маңызды міндет деп санайды», - деді А. Смадияров.
Еске салайық, өткен аптада ДХР мен ЛХР квазимемлекеттері Ресейге қосылу туралы референдум жариялады, Украинаның Запорожье және Херсон облыстары да осындай мәлімдеме жасаған болатын.