Ақтөбе оқушыларға мантудың орнына БЦЖ вакцинасы салынған мектепте тексеріс бастады
«Медикус орталығы» ЖШС жеке клиникасының дәрігері мен мейіргері жұмыстан шеттетілді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбедегі мектеп оқушыларын Манту сынамасын жүргізбей БЦЖ вакцинасымен қайта вакцинациялау фактісі бойынша қызметтік тексеруді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің бейінді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттерінің басшылары, бейінді мамандары бар комиссия құрылды, олар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, сараптамалық қорытындының негізінде болған оқиғаға баға береді», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуде.
Естеріңізге саламыз, 13 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №74 жалпы білім беретін орта мектебінде туберкулиндік диагностикаға жататын бірінші сынып оқушыларына Манту сынамасын жүргізбей БЦЖ вакцинасын салған болатын.
Мектеп бойынша профилактикалық екпелерді жүргізу үшін жауапты орындаушылар ретінде Ақтөбе қаласындағы «Медикус орталығы» ЖШС жеке клиниканың дәрігері мен мейіргері тағайындалды. Аталған медицина қызметкерлері бүгінде жұмыстан шеттетілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, барлығы педиатрлардың бақылауымен сабақтарын жалғастыруда.