Қызылорда облысында сұйытылған газды қымбатқа сатқан компания 1 миллиард теңге айыппұл төледі
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-і әкімшілік айыппұл және монополиялық табысты мемлекет бюджетіне аударды

Қызылорда облысында сұйытылған газды қымбатқа сатқан компанияға 1 миллиард теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қызылорда облыстық прокуратурасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандарымен бірлесіп, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС қатысты тексеру жүргізді.
Қызылорда облысы және оңтүстік макро өңір аумағында «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын өткізу кезінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұрумен айналысқаны белгілі болды.
«Қызылорда облыстық сотының қаулысына сәйкес «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-і Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзушылығын жасау бойынша кінәлі деп танылып, 126,6 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды және монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған – 881,4 млн теңге монополиялық табысы мемлекет пайдасына тәркіленді», - деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі.
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-і тарапынан соттың санкциясында көзделген әкімшілік айыппұл және монополиялық табыс өз еркімен мемлекет бюджетіне төленді.