Қазақстанның бірқатар өңірінде 10 градусқа дейін күн суытуы мүмкін
Синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады

«Қазгидромет» РМК 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында елімізде ауа райы қандай болатынына болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Суық антициклон Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсер ететіндіктен, түнде еліміз бойынша ауа температурасы төмен болады және елдің солтүстік аудандарында жауын-шашын тоқтауы мүмкін», - делінген хабарламада.
Синоптиктер солтүстік-батыстан жылжыған циклон ықпалына байланысты республиканың батысында ауа температурасының біртіндеп жоғарылайтынын айтады.
Жалпы республика бойынша: солтүстік жартысында – тұман, желдің күшеюі, елдің оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл болады.
Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі ауа температурасы 3-10 градус аязға дейін, күндіз 0-5 градус жылыға дейін төмендейді, оңтүстікте күндіз 13-23 градус жылы, оңтүстік-шығыста 5-13 градус жылы болады. Тек республиканың батысында күндіз термометр бағандары 17-30 градус жылыға дейін көтеріледі.