Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады
Республиканың қалған бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болады
Синоптиктер 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ҚР-ның солтүстігінде, шығысында және орталығында жауын-шашын (жаңбыр, қар), батысында және оңтүстік-шығысында жаңбыр, оңтүстік-шығыс аймақтың таулы аудандарында жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Қазақстанның қалған бөлігі антициклон жотасында болады, ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша кей жерлерде жел күшейіп, батыста найзағай ойнайды, шаңды дауыл соғып, солтүстікте тұман, көктайғақ болады», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Күндіз Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Атырау облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.