Қарағандыда ұрланған банк картасынан 1 миллион теңге шешіп алған күдікті ұсталды
Ол банк қосымшасы арқылы картадағы ақшаны өзіне аударып алған
Қарағандыда ұрланған банк картасынан 1 миллион теңге шешіп алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
56 жастағы қала тұрғыны жөндеу жұмыстарына қажетті құралдары мен банк картасы ұрланғанына байланысты полицияға арызданған.
Белгілі болғандай, ол өз үйінің кіре берісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Біраздан соң шаруаларымен сыртқа шығып кеткенде белгісіз біреу отара, шарқайрақ сияқты құрал-жабдықтарын ұрлап кеткен. Сонымен қатар күдікті жәбірленушінің банк картасын да ұрлап әкетіп, банк қосымшасы арқылы ішінде тұрған 957 мың теңгені өзіне аударып алған. Келтірген шығын 1 миллион 112 мың теңге.
«Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында 28 жастағы азаматты ұстады. Одан айғақ заттар тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген Қарағанды облысы Полиция департаментінің хабарламасында.