$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған

Оқушылардың қолдары ісіп, іріңдеп кеткен

Ақтөбеде 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған
фото: doverie-med.ru

Ақтөбе маңындағы Рауан елдімекенінде мектептен шу шықты. Бірінші сыныпта оқитын 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған. Дәрігерлер қателігінің зардабын балғындар тартып отыр. Оқушылардың қолдары ісіп, іріңдеп кеткен. Бірнеше бала қызуы көтеріліп ауырып қалған. Ата-аналар да алаңдап отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Екпе екі апта бұрын салынған. Содан бері балалардың барлығында дерлік кері әсері байқала бастапты. Тіпті, кейбірінің қолы іріңдеп, білегін көтере алмай қалғандары да бар. Ең сорақысы, ақ халаттылар өз қателігін жасыруға тырысып келген.

«Балалардың барлығының қолдары іріңдеп, іріп кеткен. Қаншасында температура көтерілді. «Медикус» та контроль жасамаған. Бас тартқанның өзінде қызыма, немереме екпе салып кетіпті. Сондай жағдайлар бар. Оны тексеру керек, кім кінәлі екенін, мен сол адамды тапқым келеді», - дейді ата-ана Самат Өскенбаев.

Ашулы ата-аналар мектеп басшылығы мен дәрігерлерден жағдайды түсіндіруді талап етті. Олар туберкулезге қарсы вакцина 6-7 жасар балғындардың ағзасына кері әсер ете ме деп алаңдайды. Тіпті өкпе құрты ауруына ұшыратуы немесе болашақта бедеулікке әкелуі кәдік деп қорқып отыр.

«Ауырып жатқан 3 баланың қызуы түспей жатыр. Балаларымыздың денсаулығы үшін қай жерге апарады, шет елге апара ма, астанаға апара ма, балаларымыздың денсаулығын қалыпқа келтіруді қолға алу керек!», - деді  ата-ана Шынар Бекболатқызы.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері балалардың туберкулезбен ауруы мүмкін емес деп нақты айта алмады. Демек, алаңдауға негіз бар. Жауапты азаматтар оқушылардың барлығы күнделікті дәрігерлік бақылауда болатынына сендірді.

«Манту тек проба қойылатын. БЦЖ ол вакцина, оны шынына келгенде ауыстырмау керек. Бірақ сол егілетін жері ауысып кетіп тұр. Сондай жағымсыз жағдай орын алып тұр енді. Балдарда бір ақаулар туындаған жағдайда барлық диагностикалық зерттеулер «Медикус центр» орталығында жүргізіледі. Дәмеленіп тұрғанымыз – барлық 42 баланың бәрінде отбасыларында туберкулез ауруы жоқ», - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Үлкен даудың ортасында қалған мектепке басқа дәрігерлер келген. Ата-аналар болса, балаларымыз толық медициналық тексерістен өткізілсін, бізге кепілдік керек деген талап қойып отыр.

Қазір тексеріс жұмыстары басталды. Қателікке жол берген медицина қызметкерлері жұмыстарынан шеттетілген.

Серіктес жаңалықтары