Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы: Тоқаев реформаның не үшін жасалатынын түсіндірді
Бүгін Мемлекет басшысы Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы – демократия жолындағы батыл қадам екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Ол аталған реформа не үшін жасалмақ деген сұраққа жауап берді.
«Мәселе мынада: президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», - деді Қ. Тоқаев.
Айта кетсек, Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашада өтеді.