Қарағандыдағы жол апаты: тағы бір дәрігер ауруханада қайтыс болды
Айдана Амантайқызы Имашеваның артында үш баласы мен жұбайы қалды
Қарағанды облысындағы 4 адамның өмірін қиған жол апатында жарақаттанған дәрігерлердің бірі а кушер Айдана Имашева да қайтыс болды. Ол жол апатынан кейін Балқаш қалалық ауруханасына жеткізілген болатын. Бұл туралы Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігердің өмірі үшін әріптестері үш күн күресті. Бірақ бүгін, 22 қыркүйекте ол есін жимастан қайтыс болды.
Айдана Амантайқызы Имашеваның артында үш баласы мен жұбайы қалды.
«Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының ұжымы Жезқазған медициналық орталығының мейірбикесі Айдана Амантайқызы Имашеваның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол да әріптестері сияқты осыдан бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданында жол апатынан зардап шекті. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бірақ бүгін, 22 қыркүйекте өкінішке орай бақилық болды. Айдана Амантайқызы өмірінің көп бөлігін мейірбике ісіне арнады. Оның кәсіпқойлығы мен акушерлік шеберлігі металлургиялық комбинат жұмысшыларының оннан астам перзенттерін дүниеге әкелді. Артында күйеуі мен үш баласы қалды. Айдана Амантайқызы игілікті істерімен емделушілер мен медицина саласындағы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 19 қыркүйек күні сағат 19:30-да Ақтоғай ауданында Сарышаған кентінен 30 шақырым жердегі Алматы-Екатеринбург автожолында МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соғысқан болатын.
Cалдарынан екі көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында, автобустың тағы бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.