Депутаттар Ақылбек Ихдановтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дауыс берді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған еді

Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында ең алдымен Орталық сайлау комссиясының мүшесі Ақылбек Ихдановтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Өкілеттілігін тоқтату туралы шешімді Ихдановтың өзі қабылдағаны және Мәжіліске өтініш жазғаны хабарланып отыр.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңның 19-бабы 6-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, сайлау комиссиясының мүшесі міндеттерін атқарудан босату туралы өз еркімен өтініш берген жағдайда өз міндеттерін атқарудан босатылады. Осыған орай Ақылбек Ихдановтың ОСК мүшесі ретінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды ұсынамыз», -  деді мәжілістің заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров осы сұраққа қатысты баяндама жасай отырып.

Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдаған соң, палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Ихдановқа арнайы дайындалған алхыс хат табыс етті.

«Ақылбек Жәмелұлын баршаңыз жақсы білесіздер. Мықты маман, білікті заңгер, көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Алдағы уақыттта оған зор табыс тілейміз», - деді төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин.

Ақылбек Ихданов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына 2018 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан