Ақтауда үш жылдан бері үйіне кіре алмай отырған тұрғындар шу шығарды
Наразы топ құзырлы орындарға арыз жазып, облыс әкіміне барамыз деп отыр
Ақтауда үш жылдан бері үйіне кіре алмай отырған тұрғындар шу шығарды. Себебі: жаңадан салынған баспаналарға әлі күнге дейін жарық, су, газ бен кәріз жүйесі қосылмаған. Соның салдарынан үлескерлер әркімнің табалдырығын тоздыруға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал мердігер мекеме құрғақ уәдеге әбден тойдырыпты. Үйді салған компания «бір ай күте тұрса, бәрін реттейміз» дейді. Ақтаудың қақ ортасында жеті қабаттан тұратын «Керуен» тұрғын үй кешенінің 160 тұрғыны үш жылдан бері баспанасына кіре алмай отыр. Келісімшарт бойынша пәтер кілті 2019 жылы тапсырылуға тиіс болған. Алайда пандемияны сылтауратқан мердігер уақытты сағызша созыпты. Қазір үй тұрғызылғанымен жарық, су, газ, кәріз жүйесіне әлі қосылмаған.
«2018 жылы осы «Керуенге» ақшамызды салдық. Бүгінде төрт жыл болды. Төрт жылдан бері осы тұрғын үйге кіре алмай, қанша отбасы сенделіп жүр. Қанша отбасы үй жалдап жүр. Бұл үйде не канализация жоқ, не су жоқ, не тоқ жоқ, жылу мәселесі де белгісіз. Кілт бергенмен, бізге оның пайдасы жоқ. Себебі, бізге үйді жөндейтін болсаң, рұқсатсыз 500 мың теңге айыппұл, тағы бірдеңеге 200 мың теңге айыппұл деп, үй кілтін алған кезде қосымша келісімшартқа қол қойдырып алған», - дейді Ақтау тұрғыны Марат Шаншаров.
Баспаналардың жайлылығы комфорт санатына сай болады деген екен мердігерлер. Бірақ сапасы сын көтермей тұр. Үйдің қабырғасы жұқа, іргетасы дұрыс құйылмаған дейді жиналғандар.
Сонымен қатар бұл үйдің жобасы бірнеше рет өзгерді. Ал мердігер мекеме өкілі жарықты жақында қостық деп отыр. Қалған су, жылу, газ, кәріз жүйесін алдағы уақытта жүргіземіз дейді.
«Қазіргі таңда біз 12 қыркүйек күні жарықты қостық. Қазан айында кәріз жүйесі мен ыстық және салқын суды іске қосамыз. Тұрғындар техпаспорт алғанша, коммуналдық төлемнің ақшасын компания төлейді. Үйдің техпаспортын алған соң тұрғындар өздері төлейді. Нақты қай күні екенін айта алмаймын. Жалпы тұрғындар енді бір ай күтсе болды», - дейді Tetis construction ЖШС бас директоры Ербол Орынбаев.
Қазір тұрғындар кілтін алып пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізе беруіне болады. Үш жылдан бері үйін сарғайып күтіп отырған тұрғындар мердігер мекеме өкілінің берген уәдесін бір ай күтуге келісті. Ал компания басшылығы оған дейін инвестор тауып, коммуникацияны толық жүргіземіз дегенге келтірді. Алайда ол кезде де өзгеріс болмаса, наразылар құзырлы орындарға арыз жазып, облыс әкіміне барамыз деп отыр.