Қарағанды мен Қарқаралы ауданы аралығында жол қатынасы тым қиындап кеткен
2025 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуы тиіс
Қарағанды мен Қарқаралы ауданы аралығында жол қатынасы тым қиындап кеткен. Ауыр жүк көліктерінің кесірінен шұрық-тесікке айналған күрежолға биыл орташа жөндеу жұмыстары басталған. Алайда қаражат аз болғандықтан, тек бір бөлігі ғана жөнделді. Табиғаты әсем Қарқаралыға жұрт жолдың нашарлығынан барғысы келмейді. Соның салдарынан аудан туризмнен түсетін қыруар қаражаттан қағылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы 1961 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Мінекей ой-шұңқыры шығып жатыр. Жолдың ені де талапқа сай емес. Салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады.
Биыл сең қозғалды. Республикалық маңыздағы жолдың Қарқаралыдан шыға берістегі 10 шақырымы жөнделді. Әзірге бөлінген қаражат соған ғана жеткен. Тұрғындар басталған іс орта жолда қалмаса игі дейді.
Жөнделген 10 шақырымға 600 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бүйірі бұлтиып тұрған бюджет жоқ. Әрбір тиынның сұрауы бар. Сондықтан жол сапасын тексеруші мамандар күнде құрылыс барысын қадағалайды. Мердігер компания өкілдері бұл орташа жөндеу болғанымен, сапасы бұрынғыдан анағұрлым жақсы болатынына кепілдік беріп отыр.
Келер жылы жолдың тағы 74 шақырымын жөндеу жоспарланған. Бірақ оған миилиардтаған қаражат қажет.
«Матақ ауылының маңайына дейін шамамен 5 миллиард теңге қаражатты қажет етеді. Әзірше бекітілмеді. Бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыстар, тиісті құжаттар дайындалды», - деді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов.
Қарағанды-Аягөз- Бұғаз республикалық маңыздағы тас жолының 190 шақырымы осы ауданынң аумағынан өтеді. 2025 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуы тиіс. Оған дейін ой-шұңқыры шыққан жолға орташа жөндеуді соңына дейін жүргізіп, облыс орталығына қатынасты жеңілдетіп берсе дейді жұрт.