Архив саласының имиджін арттыру: елімізде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы іске қосылды
Қазақстанда 218 ден астам республикалық, облыстық және аудандық архивтер бар
Архив саласының имиджін арттыру және жас ұрпаққа ел тарихына қатысты құжаттарды насихаттау үшін жыл сайын елімізде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы өткізілетін болады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.
Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихты, салт-дәстүрді насихаттау және архив құжаттарымен таныстыру. Бағдарлама Балалар жылына арналып Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүргізіліп жатыр.
Жоба барысында шамамен 9 мың оқушыны қамтитын 400-ден астам түрлі форматтағы іс-шара жоспарланып отыр. Бұл күні мемлекеттік архивтердің есігі мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері үшін ашық болады.
Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш аталған бағдарлама ел тарихында алғаш рет болып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл «Балалар жылы» деп белгіленді. Осыған байланысты елімізде тұңғыш рет «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын жүзеге асырғалы отырмыз. Бүгінгі күні балалар архив ісімен толық таныса алады. Еліміздің басынан қаншама тауқыметті жылдар өтті. Қазіргі тәуелсіз мемлекетімізді құру үшін ата-бабаларымыз өзін құрбан етті. Олардың еңбегі мен ерлігі ұмытылмауы керек. Олар жөніндегі ақпараттардың барлығы архивте сақталады және оны келешек ұрпақ білуі керек. Ашық есік күнінің ашылу салтанатында архив қызметінің бағыттары бойынша таныстыру экскурсиялары, фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелерге шолу, таныстырулар болады.
Елімізде мемлекеттік сақтауда 26 млн бірлік құжаттық көздер бар. Оның ішінде саяси қуғын-сүргін, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы туралы құжаттар бар. Аталған бірегей құжаттар фотоқұжаттық көрмелердің құрамына енгізіледі. Оларды пайдалана отырып дәрістер, мектеп сабақтары дайындалады», - дейді Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы.
Қазақстанда барлығы 210-нан астам республикалық, облыстық және аудандық архивтер жұмыс істейді. ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова архив саласының бүгінгі жай-күйі мен өзекті мәселелері жөнінде айтып берді.
«Мәдени мұра», «Архив 2025» жобалары бойынша Қазақстанның архившілері шетелдерден түрлі құжаттар легін, құнды жәдігерлерді, еш жерде жарияланбаған тың құжаттарды елімізге әкеліп жатыр. Біздің Ұлттық архивке жүктелетін міндет – сол жәдігерлерді қабылдап, ұлттық қорда сақтау. Қазіргі таңда сол жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз.
Еліміздегі архив саласының жағдайы бұрынғыға қарағанда жақсарып келеді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында архив саласында істейтін мамандардың жалақысын көтеру керектігін айтқан болатын. Жыл сайын архившілердің жалақы 20 пайызға өсіп жатыр. Дегенмен әлі де жалақы жеткіліксіз», - дейді Сағила Нұрланова.
Архившілердің орташа жалақысы 80-100 мың теңгені құрайды. Қазір архив саласына келетін мамандар өте аз. Сондықтан кадр жетіспеушілігі – архив ісіндегі күрделі мәселелердің бірі.
«Архившілер арасында кадр жетіспеушілігі көп байқалады. Себебі бізде архившілерді дайындайтын мамандық жоқ. Алматыдағы Әл-Фраби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғана тарих факультеті аясында бір мамандық бар. Осы мәселелерді ескере отырып біз Ұлттық Архив алаңында мемлекеттік және басқа да органдарда жұмыс істейтін, архив ісіне жауап беретін қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығын құрдық. Қазір аталған орталықтың жұмысы өте жақсы жүріп жатыр. Орталықта үш күн бойы Қазақстанның әр өңірінен архившілер келіп, өздерінің біліктілігін арттырып, арнайы сертификат алады. Біздің Ұлттық архивке студенттер жиі келеді. Олар өздерінің курстық және диплом жұмыстарына қажетті ақпараттарды алады. Алдағы уақытта архив ісіне қатысты үлкен жоспарлар бар.
Архив істері және құжаттамаларды басқару комитетінің үйлестіруімен «Архив 2025» бағдарламасы аясында шетелден алып келген құжаттарды қабылдағаннан кейін Ұлттық архив оны цифрлық форматқа көшіріп, халыққа қолжетімді жеткізу жолдарын ашқалы отырмыз. Үйде отырып арнайы жүйеге кіріп, керекті ақпаратты электронды түрде алуға болады. Ал аса құнды құпия құжаттар арнайы өтініш арқылы алынады. Қазір архив құжаттарын цифрландыру жұмысын бастадық. Біздің мақсат құжаттарды қойма сөресінде сақтау ғана емес, оны ғылыми айналымға енгізу, яғни сөреде тұрған ақпараттардан жинақ шығарамыз. Айта кететін тағы бір мәселе, ресми құжаттармен қоса архивте тұлғалардың да тарихы бар. Мысалы елімізге еңбегі сіңген журналистер, тарихшылар, ғалымдар, медицина өкілдерінің қазір 50-ден аса жеке қор бар. Сол жеке қорлардың аясында да біз кітап шығарып жүрміз. Қазір материалдық техникалық базаны нығайту жұмыстары жүріп жатыр», - дейді ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Архив саласындағы тағы бір мәселе – қойма жетіспеушілігі. Ұлттық архив директоры келесі жылдан бастап құжаттарды сақтайтын қойма, жаңа ғимараттар салынатынын қоса айтты.