Димаш Құдайбергеннің концерті көрерменнің көптігімен рекорд орнатуы мүмкін
Әншінің жеке ән кешіне арналған билеттердің 90% сатылып кеткен
Әнші Димаш Құдайбергеннің концертін асыға күтіп жүргендер көп. Қазірдің өзінде 21 мыңнан астам билет сатылып кеткен. Бұл – жалпы билет санының 90%. Ол тек концерт өтетін Орталық стадиондағы негізгі орын ғана. Одан бөлек фанаттар аймағында, яғни сахна алдында тағы 10 мыңға жуық көрермен концертті тамашалай алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«Билеттің бағасы 8-10 мың теңгеден басталып, сахнаға жақын орындардың құны 40 мың теңгеге дейін жетті. Қазір фанаймақта 10 мың теңгелік және қымбат орындардың билеттері ғана бар. Билет сатылымға шыққан күннен бері сатып алушылардың саны артып жатыр», - деді онлайн билет сататын компанияның бас директоры Виктория Торгунакова.
Әлемге танымал өнер иесінің шет елдік жанкүйерлері де аз емес. Сатылған билеттердің 5 мыңға жуығын өзге елдің тыңдармандары иеленген. Нақтырақ айтсақ, Щвейцария, Франция, Украина, Қытай, Катар, АҚШ, Бразилия және Аргентина сынды жалпы саны 50 елдің азаматтары концертке билет алыпты. Тіпті бірақтар қонақүйлерде қазірдің өзінде бос орын қалмаған.
«Биылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы қонақүйлердің толуы 38,4% құрады. Ол өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 13,7% өсті. Ал кейбір күндері белгілі бір іс-шара осындай Димаш Құдайбергеннің концертіне байланысты қонақүйлердің толуы 80% дейін жетеді», - деді қалалық Туристік ақпараттық орталық директорының орынбасары Бауыржан Пазылхайыр.
Әншінің концертіне арналған билеттер 14 шілдеден бастап саудаға шығарылған. Алғашқы екі тәулікте 10 мыңнан аса билет сатылыпты. Димаш Құдайбергеннің жеке концерті 23 қыркүйек күні кешкі сағат 20.00-де Орталық стандионда өтеді.