«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінің алғашқы кезеңі басталды

Azattyq Rýhy

Марафон-бәйгені «AMANAT» партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығы және Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр

«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінің алғашқы кезеңі басталды

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінің алғашқы кезеңі басталды. Таңғы 7-ден 19 команда жеребе бойынша белгіленген уақытқа сәйкес Астана іргесіндегі Қаражал ауылынан Сабынды ауылына аттанды. Шабандоздар 12 күнде 1200 шақырымды бағындырып, Түркістанға табан тіреуі тиіс.

Бір күнде 100 шақырымды еңсереді. Оның арасында 2 сағат түскі ас пен тынығуға арналған. Айта кетейік, әр команданың бәйгені бастау уақыты әртүрлі. Бәйгені Ақмола облысының шабандоздары таңғы сағат 7:00-де бірінші болып бастаса, араға 2 минут салып, Жетісу облысының шабандоздары жолға шықты. 7:04-те Түркістан облысының азаматтары мен қазанаттары жарыс жолына шықты.

Командалар бір-бірімен жарыспайды. Себебі әрқайсының уақыты әртүрлі. 50 шақырымды өту уақыты бөлек есептеледі.

Бірінші кезеңнің 50 шақырымын еңсергендер 2 сағаттық демалыстан соң Қорғалжынға аттанды. Толығырақ Бас төреші Надежда Купцова түсіндіріп берді.

“Мәселен, бір команда мәреге бірінші болып келсе, араға 2 сағат салып, қайта жолға шығады. Сол сияқты басқа командалар да келген уақытына қарамастан, келесі 50 шақырымды 2 сағаттан ғана бағындыруға аттанады. Шабандоздар күтпей, жүре береміз деп жатыр. Бірақ біз атты зорықтырып алмауды ойлаймыз. Тұлпарлар тынықпай, ешкім жолға шықпайды. Келесі егер команда 50 шақырымды 6 сағатта жүріп өте алмаса, шеттетіледі. Тағы ескертемін, бір командада 5 шабандоз болса, соның ішіндегі ең соңғысы мәреге қай уақытта жетті, сол команданың уақыты болып есептеледі" деп түсіндірді Н.Купцова.

Аламан бәйгенің басталуына ақын Светқали Нұржанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Amanat партиясың атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, The Great Tour Steppe қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, шабандоздарға сәт-сапар тіледі.

Вице-министр республикалық марафон-бәйгенің көпшлік тарапынан кең қолдауға ие болғанын атап өтті.

«Бұл – ата-бабамыздан бүгінге дейін келіп жеткен мирас. Алаш баласы ат үстінде жүріп, елін де жерін де қорғаған. Республикалық бәйге бұқара халықтың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Өйткені ат десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Шабандоздар жеңістен үмітті. Бағы да, бабы да қатар келсе деп тілеп отырмыз. Мұндағы мақсат – ұлттық ат спортын дамыту», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Қатысушыларға арнайы бивактар жасақталған. Аттардың жем-шөбі, дәрі-дәрмегі бар.  «Әзірге жылқылардың жағдайы қалыпты. Қазір жағдайы сыр берген жылқылар болса, байқастап тиісті ем-дом көрсетеміз», - дейді мал дәрігерлері. 

Thе Great Tour Steppe қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей бүгінгі жоспар барысын кеңінен айтып берді.

«Бірінші күннің маңызы айрықша, өйткені 1200 шақырымды қазақтың мен деген шабандоздары басып өтекелі тұр. Дәл осылай күн сайын 100 шақырымды басып өтіп, байыпты желіспен алдағы межені қиындықсыз бағындырамыз деген ойдамын. Кешке таман Қорғалжыңға жетіп, тынығамыз. Тарихқа үңілетін болсақ, жылқы малын алғаш қолға үйреткен қазақтар болған. Ұлы көшпенділер мәдениетін дәріптеуде бүгінгі бәйгенің маңызы орасан, отансүйгіштік, еңбекқорлық мінезін қалыптастырады», - деді Әлібек Әлденей.

Алғашқы мәреге жеткендердің бірі Орал өңірінен келген – «Ақжайық» командасы. Команда капитаны Қайырбек Сағындық алғашқы елу шақырымды өту оңайға түскенін, жылқылардың жағдайы бірқпалыпты екенін жеткізді.

«Әуелі жылқының демін басып, денесін суытамыз. Содан кейін барып қана су беруге болады. Әйтпесе жылқы малына суық тез тиеді. Бастысы қатты шаппай, аттың демін бағып отыру керек», - деді Қайырбек Сағындық.

18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордададан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса межені басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әр облысынан марафонға бір команда қатысады.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін бірінші болып жеткен команда мұшелері – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 млн теңге көлеміндегі жүдлемен марапатталады.

Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 20 млн теңге және 15 млн теңге жүлдені қанжығаға байламақ.

Марафон-бәйгені «AMANAT» партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығы және Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.

 Келесі 50 шақырым Қорғалжынға бағытталған. Ереже бір. Алғашқы кезеңнің қорытындысы арнайы маңдайшадан көрсетіліп, qazanat.com сайтында жарияланады. Сабынды ауылы әкімдігі “Ұлы Дала жорығының” қатысушыларына арнап, мерекелік концерт қойды. Іс-шаралар кешке дейін жалғасады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.