Оксфорд пен Кембриджге кедей студенттерді қабылдау міндеттелді
Бұған қарсы шыққан оқу орындарына қатаң санкциялар қабылданады
Британияның беделді университеттері кедей аудандардан шыққан студенттерді қабылдауға басымдық беретін болды. Бай аудандардан шыққан талапкерлер жоғары балл жинаса да, ендігіде кедей отбасынан шыққан студенттер оқуға бірінші болып қабылданады. Бұл туралы ВВС хабарлады.
«Office for Students» тәуелсіз реттеушінің жаңа ұсынысы Оксфорд пен Кембридж университеттерін де міндеттеді. Бұл екі университет алдағы бес жылда кедей отбасынан шыққан студенттер үлесін 7 пайызға жеткізуі керек.
Қазірдің өзінде Оксфорд пен Кембридж бакалавр бағдарламасына кедей аудандардан шығып, мемлекеттік мектеп бітірген студенттерді қабылдауға басымдық бере бастады. Бүгінгі таңда Оксфордта мұндай студенттер үлесі 3,7%, Кембриджде 4,8%.
Бұған жекеменшік мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары қарсы шығып жатыр.
«Кедей ауданнан шыққан бала мен бай отбасынан шыққандар бірдей бағалануы керек. Бала қандай отбасында дүниеге келетінін өзі таңдамайды. Беделді университеттерге оқуға қабылдағанда тек академиялық жетістіктер ескерілуі тиіс», - дейді олар.
Жаңа ереже қабылданғаннан кейін квотаға қарсы шыққандар қатары артты. Олар бұл шешім жастарды таптық ерекшеліктерге байланысты дискриминациялайды деген ойда.
Ал «Office for Students» мамандары мұндай шешім әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында қабылданғанын айтты. Олар квотаны сақтамаған университеттерге қарсы қатаң санкциялар қабылданатынын айтты. Sutton Trust зерттеу қорының айтуынша, Оксфорд пен Кембридж университеттеріндегі орындардың 42 пайызы жекеменшік мектеп түлектеріне тиесілі.