Алматы облысында жүк пойызы 120-дан астам қойды қағып кетті
Қойлардың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады
Алматы облысында жүк пойызы 120-дан астам қойды қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«12 қыркүйек күні сағат 01.24-те Алматы облысының «Жетіген-Құрөзек» аралығында жүк пойызының машинисі темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолданды. Алайда, қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады, соның салдарынан 530 бас қойдың 123-і поезд астына түсіп қалды. Пойыздың тұрағы 13 минутты құрады», - деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Оның айтуынша, оқиға орнына Алтынкөл станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетіп, жүргізілген іс-шаралар барысында малдың иесін анықтады. Ол Алматы облысы Туғанбай ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Аталған азамат ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді полиция генерал-майоры.