Түркістан облысында 870 түп есірткі тәркіленді
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Түркістан облысында 870 түп есірткі мен пластмасс ыдыстарға салынған марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы ПД полицейлері бірлесіп, кезекті есірткі егістігін анықтады.
Полицейлер 850 түп өсіп тұрған және 20 түп шабылған өсімдік, 5 дана ыдыстағы марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ол зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты»,- деп көрсетті Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстаған, олардың біреуі бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.