Елордада су сүзгісін ауыстырып беремін деген ер адам ақша салынған сөмкені ұрлап кеткен
Қарағанды қаласынан бір күнге келген азамат елордалық азаматты тонап кеткен
Елордада су сүзгісін ауыстырып беремін деген ер адам ақша салынған сөмкені ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Алматы» аудандық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адамды ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Қарағанды қаласының тұрғыны екені және елордаға бір күнге келгені анықталды.
«Күдікті су сүзгісін ауыстырып беремін деген сылтаумен Күйші Дина көшесіндегі пәтерлердің бірінің есігін қағады. Содан ол сүзгіні тексеріп, дәлізден ішінде 120 мың теңге көлемінде ақша қаражаты бар сөмкені ұрлап кеткен. Ұрлық жасағаннан кейін ер адам қайтып Қарағандыға жолға шыққан», - деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ұсталған азамат өз кінәсін мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығына тексеру жүргізілуде.