Павлодарда суға кеткен жаттықтырушының денесі бес күннен бері табылмай жатыр
«Ертіс» футбол командасының жаттықтырушысы 1995 жылы туған Роман Богданов достарының көз алдында жағадан құлап кеткен

Павлодарда суға кеткен жаттықтырушының денесі 5 күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, сүңгуірлер оқиға орын алған аймақтан Ертіс өзенінің түбіне қарай шамамен 6 мың шаршы метр аумақты тексеріп шыққан. Эхолотпен ұзындығы 20-25 км оң және сол жақ жағалау бойынша өзеннің түбіне сканер жүргізілді.
«Хабарлама түскен сәттен бастап жедел құтқару жасағының сүңгуірлері жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда пассивті іздеулер жүргізілуде, бұл - судың бетінен іздеу. Күн сайын жағалау сызығын оң жағынан жоғары және сол жағынан төмен қарай шамамен 25-30 км қашықтықта визуалды тексеру жүргізіледі. Әсіресе шөгінділер мен су басқан ағаш бұтақтарына ерекше назар аударылады», - деп көрсетті облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Әзірге іздеу шаралары жалғасуда. Іздестіру жұмыстарына төрт құтқарушы және екі жүзу құралы, сондай-ақ Павлодар ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері, «VITA» еріктілері, суға батқан адамның туыстары мен достары жұмылдырылған.