«Спортшылардың емес, әншілердің ордасына айналған»: Алматыдағы мұз айдындарына қатысты шу шықты
Қазақстандағы ең ірі мұз айдындарында хоккей клубтары үшін жаттығу өткізуге мүмкіндік жоқ
Алматыда хоккейге жаттығып келген балалардан мұз айдынын алып қойған. Жаттықтырушы бұған наразылық білдіріп құзырлы органдарға шығамданды. Айдынды басқаратын жеке компания әрекетінің қаншалықты заңды екенін, енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мамандары анықтамақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Қазақстандағы ең ірі мұз айдындарында хоккей клубтары үшін жаттығу өткізуге мүмкіндік жоқ. 500-ге жуық баланы хоккейге дайындап жүрген Юрий Богайчуктың айтуынша, оларды «Алматы Арена» мұз айдынында толыққанды жаттығу өткізу мүмкіндігінен айырған. Жаттығуларын жалғастыра алмай отырған олар, осының барлығы аренаға қызмет көрсететін жекеменшік компанияның басқаруымен болып жатыр дейді. Айтуларынша, «Алматы аренасы» бүгінде спортшылардың емес, әншілердің ордасына айналған. Сол себепті барлық спортшы «Халық аренасына» көшуге мәжбүр дейді.
«Ареналарды басқарып отырған компания барлығына бірдей көлемде мұз бермекші. 40 бала жаттығатын клубқа қанша берсе, 400-ден астам бала жаттығатын бізге де сондай мөлшерде бермек. Бұл бізді аренадан мәжбүрлі түрде шығару деп санаймыз. Сол себепті наразылыққа шықтым. Егер бұлай жалғаса беретін болса, онда біз клубты жабуға мәжбүр боламыз. Бізде бала өте көп», - дейді жаттықтырушы Юрий Богайчук.
Басқа командалар мен клубтар да осы мәселеден зардап шеккен көрінеді. Алайда басқарушы компания мұндай пікірмен келіспейді.
"Almaty Arena" және "Halyk Arena" сияқты суперкешендер көпфункционалды құрылыстар екенін түсінулеріңізді қалаймыз. Ол барлық адамға, ірі мақсаттарға арналған кешендер. Біз барлық мақсатты аудитория арасында салауатты, әділ тепе-теңдікті табуымыз керек», - дейді көпфункционалды кешендерді басқаратын компанияның PR-қызметі.
Қазақстан спортшылар одағы да жағдайға қанық. Дегенмен, жаттықтырушының айтуынша, Антикордың араласуынан кейін ғана сең қозғалды.
«Қалыптасқан жағдайдың себебін анықтау кезінде бұл проблема қаланың хоккей клубтары арасында мұзды бөлу алгоритмінің жоқтығынан туындағаны анықталды. Осыған байланысты, осы хоккей клубының құқықтары бұзылған, Сол себепті 400-ден астам бала спортпен шұғылдана алмады», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қ. Департаментінің аға офицері Ақжан Рақымжанов.
Нәтижесінде хоккей клубы жаттығу сағаттарын қайтарды. Алайда Юрий Богайчук кей балалар үшін жаттығуды жалғастыруға әлі де мүмкіндік жоқ деп отыр. Ол қалаға Мұз айдындары мен спорт алаңдары аздық етіп отырғанын айтты.