Ұшқыш ұшар алдындағы дайындық пен апаттың алғашқы минуттарында не болғанын айтып берген
Bek Air әуе компаниясы Fokker-100 ұшағының апаты кезінде алған жарақаты салдарынан 28 қаңтар күні көз жұмған екінші ұшқыш Миржан Молдақұловпен болған соңғы әңгіменің аудиожазбасын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі әуе тасымалдаушысының сайтына сілтеме жасап.
Жазбада Молдақұловтың ұшақ оқиғасын тексеру комиссиясының мүшелерімен сөйлескені айтылады.
Ұшқыш ұшар алдындағы дайындық жайлы, ұшқан сәттегі жағдай мен апаттың алғашқы минуттарында не болғанын айтып берген.
«Ауа температурасы -12 болып тұрды, аяздан темір суық әрі құрғақ болды. Жалғас қанатшаны сипап көрдім. Жиегінің алдыңғы жағы жалтырап тұрды. Бұлт тым төмен болғандықтан, көру мүмкіндігі де аз, 1200-1400 метрден аспады. Бізге ұшуға рұқсат берді. Біз ұша бастадық. Кенет ұшақ қатты дірілдеп кетті. Бірден сол жаққа қисайып кетті. Ұшақтың тұмсығы төмен тартып бара жатты... Мен штурвалды тартып едім, ол істемей қалыпты. Кері итеріп көргенімде, аздап істей бастады. Тұрақтандырғыш дұрыс жұмыс істемей тұрған сияқты болды. Ұшу алабына қарай кері қайттық. Ұшақ сол кезде жап-жақсы ұша бастады да, кенет тұмсығы бірден төмен тартып кетті! Қанша ұстауға тырыссам да, төмен құлдилай бастады. Артынша сәл қалпына келе бергенде, мен жылдамдықты арттырдым. Сол сәтте «Gear up» (компьютердің «доңғалақты жинау» деген ескертпесі - ред. еск) естілді – мен жинайын деп тартып қалып едім, орнымыздан ұшып кеттік... Мен оңға қарай тартып, иінтіректі (рычаг) жұлқып үлгердім... Сол сәтте тағы төменге құлдилай бастады, біз тартып көріп едік, тағы да артқа ұшырып жіберді. Неден олай болғанын сол күйі түсіне алмадық», – дейді жазбада.
«Ұшып шықтық. Әуеге көтерілдік. Сол сәтте тағы төмен тарта бастады! Жерге жақындап қалдық. Ұшақ жантайған қалпы жерге тиіп, сырғи жылжып келеді. Есіме Шереметьево әуежайындағы апат түсіп кетті, тек бетонға емес, топыраққа тірелсек екен деп ойлап келемін. Бір кезде ұшақ тіптен жантайып кетті. Жолақтың шетінен асып барамыз. Сол сәтте біз ұшақты жайлап бауырымен жатқызып үлгердік, сонда бауырымен сырғи жөнелді. Ол кезде басқаруға көнбей кеткен еді», – делінген жазбада.
Ұшу өлшемдерін тексеру деректерінде қозғалтқыштың жұмыс режимі алынып тасталғаны анықталған. Комиссия мүшелері ұшқыштан «Қозғалтқыш жұмысының режимін бәсеңдеттіңіздер ме?» деп сұрайды.
«Жоқ. Мен ол іске араласқан жоқпын, өйткені экипаж жұмысының технологиясы бойынша олай етуге тыйым салынған. Барлық әрекет тиісінше орындалды», – деп жауап берді екінші ұшқыш.
«Сонда ұшақты тек әуе кемесінің командирі ғана басқарды ма?» деп сұрайды сарапшылар.
«Иә, мен тек бақылау жасап, байланыста отырдым», – дейді Молдақұлов.
«Ұшып шыққан соң ұшақ сол жаққа қарай күрт жантайып кетті. Ұшақтың тұмсығы жоғары көтеріліп кетті. Сол сәтте ұшақтың қисайғаны туралы белгі берілді. Артынша тұмсығы өздігінен төмен түсіп кетті. Ұшақты туралай алдық. Содан соң ұшақ тұмсығы тағы жоғары көтеріліп, оң жаққа қарай сілкіп жіберді. Стаблизатор өздігінен әрекет жасап жатқандай әсерде қалдық», - дейді пилот.
Комиссия мүшелері экипаж мүшелерінің қанаттардың беткі жағын қандай әдіспен тексергенін сұрайды.
«Қалай тексермедік? Үш жерін қолмен тексеріп шықтық. Жалғас қанатшаға екеуіміздің де қолымыз жетті. Менің бойым әуе кемесі командирінен ұзындау, сондықтан қанаттардың алдыңғы бөлігін тексеріп, темірді сипап көрдім. Ол құрғақ әрі таза болды», - деп түсіндіреді Молдақұлов.
Еске сала кетейік, Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ 27 қаңтар күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған болатын. Алматы әуежайының маңына құлаған әуе кемесінің бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза болған еді.