Алматы облысының тұрғынынан қаңтарда ұрланған қару табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Түркістан полицейлері үйіне заңсыз қару сақтаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірінен қару-жарақ заттарын заңсыз сақтағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Бәйдібек ауданының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер күдіктінің үйінен заң талаптарына сай келмейтін CZ SCORPION EVO 3 A1 әскери ойық ұңғылы, отты атыс қаруын тәркіледі.

Тәртіп сақшылары күдіктіні оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Бәйдібек АПБ-ға жеткізді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді.

"Белгілі болғандай, күдіктінің пистолет-пулеметті Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласынан тауып алғаны расталды. Сондай-ақ ол қаруды осы уақытқа дейін үйінің шатырында сақтап жүрген. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.