Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға 2,3 млрд теңге бөлінеді
Бұл қаржы мақсатты түрде тұрғын үйлер салуға жұмсалатын болады
Қостанай облысында дала өртінен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдегендей, бұл қаржы мақсатты түрде тұрғын үйлер салуға жұмсалатын болады.
«Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінен бірінші бюджеттік өтінім түсті. Осы өтініш бойынша Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат 91 үйдің құрылысына бағытталады», - деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, үйлердің бәрі аудан орталығында салынады.
«Әр үйге 25 млн теңгеден бөлінген. Ол үйлер аудан орталығында салынады. Әр үйге 10 гектардан бөлінген, үйлердің ауданы 100 шаршы метр болады. Ол үйлерге газ, су, жарық, сондай-ақ жолдар тартылады», - деді ведомство басшысы.