Ақтөбеде жаяу жүргіншілер өткелінде қария мен оның немересін көлік қағып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе қаласында жаяу жүргіншілер өткелінде қария мен оның немересін көлік қағып кетті. Зейнеткер оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға бүгін Ақтөбе қаласындағы Қонаев пен Құлымбетов көшелерінің қиылысында болды. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Nissan Almera» маркалы автокөліктің 35 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде 63 жастағы әйел мен кәмелетке толмаған немересін қағып кетті.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал кәмелетке толмаған бала Ақтөбе қаласының балалар ауруханасына жеткізілді. Онда балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ал жүргізуші Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.