Түркістан облысында 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл сусыз отыр
Тұрғындар кезінде мемлекет есебінен қазылған ұңғымадан шыққан суды сатып алып ішеді
Түркістан облысында 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл ауызсусыз отыр. Себебі Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы жалғыз су көзі жеке компанияға беріліп кеткен. Сондықтан тұрғындар кезінде мемлекет есебінен қазылған ұңғымадан шыққан суды сатып алып ішеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Кейбірі ауыл ішіндегі арық суын тұтынуға мәжбүр. Ал жалғыз ұңғыманы жалға алған компания минералды сусын шығаратын зауыт пен жекеменшік монша ашып, оның қалдық суын арыққа ағызады дейді жиналғандар. Тұрғындар ұңғыманы әкімдіктің балансына қайтаруды талап етуде. Дербісек ауылындағы жалғыз су көзі үшін жанжал соңғы 20 жылда басылған емес. Екі мыңыншы жылдардың басында минералды су шығатын жалғыз ұңғыма «Рауан» деген компанияға жалға берілген. Әу бастағы келісім бойынша тұрғындарға судың бір бөлігі тегін таратылуға тиіс болған. Бірақ іс жүзінде жалғыз ұңғымадан бір жұтым су алып ішу мұңға айналды дейді ауыл халқы.
Ұңғыманы жалға алған компания минералды су шығаратын зауыттан бөлек, ұңғыма басына монша да салып тастаған. Бірақ ол жерден ағатын лас су іргедегі арыққа құйылып жатыр дейді тұрғындар.
«Рауан» компаниясының өкілдері тек телефон арқылы жауап беруге келісті. Айтуларынша, ұңғымадан шыққан судың бір бөлігін елге тегін беріп жатыр. Монша мен зауыттан шыққан қалдық бойынша СЭС мамандары айыппұл салғанын айтады. Ал аудан әкімдігі ауылға жаңа су құбырын жүргізбекші. Бұл жоба екі миллиард теңгеге бағаланып, оның 500 миллион теңгесі бөлініпті.
«Ол жерге су жинайтын мұнара салу, осы жерге үздіксіз үйді-үйге су жеткізіп беру үшін. Ең дұрыс жоспар дегеніміз, 2023 жылдың аяғы, ең жақсы болжам. Ол енді алдағы уақытта мердігердің жұмысына байланысты, бөлінетін қаражатқа байланысты, тағысын тағы», - деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.
Осылайша аудан басшылары келер жылдың соңында 20 мыңға жуық тұрғыны бар Дербісек ауылы таза суға қосылады дейді, Бірақ ескі ұңғыманы жеке компаниядан қалай да қайтарамыз деген ел жаппай қол жинап, сотқа жүгінбекші.