Шиеленістен 178 адам зардап шеккен
Соңғы мәлімет бойынша, Қордайда болған қақтығыс салдарынан зардап шеккен 41 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 25-і Алматы қаласындағы, 14-і Жамбыл облысындағы, тағы 2 адам Қырғызстан еліндегі стационарда жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың 9-ы реанимацияда, 32-сі түрлі жарақатына байланысты бейінді бөлімшелерде жатыр. Сонымен қатар 17 адамға операция жасалған.
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиға орнында Үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Жедел медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнына шұғыл түрде мамандар тобы және шұғыл медициналық көмек бригадалары жіберілді. 100-ден астам медицина қызметкері мен 36 санитарлық көлік, оның ішінде 2 санитарлық авиация тікұшағы тартылды», - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, Қордай ауданында болған жаппай жанжал салдарынан 178 адам зардап шегіп, 10 адам қаза тапқан. Олардың сегізі оқиға орнында, ауыр жарақат алған екеуі ауруханада көз жұмған.
«Медициналық көмекке 170 адам жүгінді. Өтініш білдіргендердің 117-сіне амбулаторлық көмек, 53 адамға стационарлық көмек көрсетілді. Қордайдағы аудандық орталық ауруханадағы 1 пациент және Қырғыз Республикасынан 2 пациент Алматы қаласына тасымалдауға дайындалып жатыр», - делінген хабарламада.