Қостанайдағы өрт: Аманқарағай тұрғындарына көлемі 100 шаршы метрлік үйлер салынбақ
Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды
Қостанай облысындағы өрттің салдарынан баспанасынан айырылған тұрғындар үшін жаңа тұрғын үйлер салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тілсіз жалыннан ең көп зардап шеккен елдімекеннің бірі – Аманқарағай ауылы. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған.
Техникалық зерделеу қорытындысы бойынша тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Қазіргі күнде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын бір қабатты баспаналар салынбақ. Осы орайда айта кетерлігі, Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан елді мекенде инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың барлығы бар.
«Жергілікті мердігер ұйымдарды тарту арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарына тек қана жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылады. Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шаралар қабылдануда. Аталған мәселе министрлік басшысының тікелей бақылауында», – деп атап өтті вице-министр Еркебұлан Дауылбаев.
«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ пен ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемсараптама» РМК өздерінің жеке қайтарымсыз қаражаты есебінен инженерлік жүйелердің жобасын даярлау жұмыстарын бастады. Мемлекеттік сараптама да институттардың қаржысы есебінен жүргізіледі деген болжам бар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдын салдарын жою мақсатында қажетті қаражат бөлінді. ҚР Премьер-министрі өткізген отырыста Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін жедел арада баспана салу бойынша тапсырма берілді. Қазіргі күнде көлік қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп, барлық инфрақұрылымдық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар іске асырылып жатыр.