Алматыда ArtSport бағдарламасынан шикілік шықты
Соның салдарынан алматылық балалар тегін үйірмелерге қатыса алмай отыр
Балаларды спорт пен шығармашылыққа баулитын ArtSport бағдарламасына өтініштер қабылдайтын платформадан шикілік шықты. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның үстіне тамыз айында қала әкімі Ерболат Досаев бюджетте қаржы таусылып, жобаның жабылатындығын айтқан еді. Алайда, ата-аналар мен үйірме ашқан кәсіпкерлер қала басшылығымен келіспейді. Бүгін олар әкімдікке жиналып, бағдарламаны одан әрі жалғастыруды талап етті. Дегенмен, әкімдіктің де өз уәжі бар. ArtSport бағдарламасы 2021 жылы басталған еді. Содан бері талай ұл мен қыз игілігін көріп келді. Олардың қатарында Гүлбіхан Шакиеваныңда балалары бар. Бірақ осы айдан бастап үйірмелерге қала қазынасынан қаржы бөлінбейтін болды. Бүгінгі кездесуге ата-аналардан бөлек бапкерлер мен шығармашылық үйірме жетекшілеріде жиналды. Олар бағдарламаның жалғасқанын қалайды. Балаға жұмсалған инвестиция ертең еселеп қайтатынына сенімді.
«Балалар өзінің талабына қарай бірнеше кружокқа қатысып жүр. Мысалы біреуі сурет салғанды жақсы көреді және тігін жасағанды жақсы көреді. Өкінішке орай біздің қазіргі қыздарымыз түйме тағуды білмейді. Ою, кесте тігуді. Ал көп жерде қолөнер ашылды қазір. Киім тігу, көрпе жасау, кесте тігу мәселен. Бұл біздің ата кәсібіміз. Осыны дамытуымыз керек. Ертең олар шағын, орта бизнесті ашады. Экономикаға драйвер болады олар», - деді қала тұрғыны Гүлбіхан Шакиева.
Тұрғындармен кездесуге қала әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы, прокуратура өкілі мен депутаттар келді. Бұған дейін тегін үйірмелердің жабылуына басты себеп қаржы тапшылығы делінген еді. Бірақ бүгінгі жиында өзге де себептері айтылды. Осы күнге дейін қызмет көрсетушілерге 11 миллиард теңгеден астам қаржы төленген. Тағы 2 млрд теңге көлемінде қарыз жиналып қалған. Қазір қала әкімдігі қызмет көрсетушілердің алдындағы сол қарызын жабуды қарастырып жатыр.
«Қазіргі уақытта қалалық прокуратура бағдарламада 2 мыңнан астам жалған есімдердің жазылғандығын анықтады. Мысалы, бала шекара асып, шетелге кеткен жағдайда да қызмет көрсетуші оны үйірмеге қатысты деп қаржы алып отырған деректер бар. Сондықтан бұл бағдарлама тиімсіз. Талапқа сай жұмыс істемеген үйірмелерге қатысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр», - дейді қалалық прокуратураның ресми өкілі Бауыржан Төлендінов.
Бірақ «ArtSport» бағдарламасы түбегейлі жабылады деген сөз емес. Қаржы тапшылығына байланысты қала әкімдігі қосымша қаражат көздерін тартуды ойластырмақ. Жалпы «Artsport» бағдарламасы аясында елімізде 500 мың бала тегін спорттық әрі шығармашылық үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алған.