Жамбыл облысында сарбаздың өліміне қатысты күдікті ұсталды
«Шөлдала» шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жатқан әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған болатын
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты іс бойынша Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Тараздағы бөлімі тергеу жүргізіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Тараздың мамандандырылған тергеу соты оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция тағайындады. ҚР ҚПК 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмеуіне байланысты тергеп-тексеру барысы және қылмыстық істің мән-жайлары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмейді», -деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 451-бабының 2-бөлігі, яғни «Билігін, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланудың ауыр зардаптарға әкеліп соғуы» бойынша қолға алынғаны нақтыланады.
19 тамызда атыраулық әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Қызылқоға ауданы Миялы ауылының 18 жасар тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жатқан. Марқұмның туыстары өз-өзіне қол жұмсау болжамына еш сенбейді.