Ақмола облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған кәсіпкер сотталды
Ол мемлекет мүддесіне 277 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген
Ақмола облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған кәсіпкер 2 жыл 6 айға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақмола облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті ЖШС-нің директоры Шортанды ауданының аумағында барлау жұмыстарын жүргізу сылтауымен, өндіруге тиісті келісімшарт пен лицензиясыз техногендік минералдық түзілімдерді өңдеу арқылы қатты пайдалы қазбаларды шығарып алған. Кейін оны өзге заңды тұлғаларға өткізген. Өзінің іс-әрекетімен кәсіпкер мемлекет мүддесіне 277 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген.
«Шортанды аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша кәсіпкер аудан аумағында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Алайда, аудан прокуратурасы тағайындалған жазалау шарасы бөлігінде соттың шешімімен келіспей, Ақмола облыстық сотына апелляциялық өтініш енгізді. Сот аудан прокурорының апелляциялық өтінішін қанағаттандырып, кәсіпкерге бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына өзгертті», - деді ведомстводан.