Денсаулық сақтау саласында қаражат жетіспейді – Мемлекет басшысы
650 ауылда фельдшерлік-фельдшерлік-акушерлік пунктер салынып, толықтай жабдықталмақ

Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен», - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының сұранысына бағытталған ұлттық жоба келесі жылдан бастап жүзеге асады. Екі жылдың ішінде бүгінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда фельдшерлік-фельдшерлік-акушерлік пунктер салынып, толықтай жабдықталмақ. Осылайша, мемлекет миллионнан астам азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
«Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемеге айналады. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімдері болады. Бұл төрт миллионнан астам азаматқа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шалғай елді мекен тұрғындарына білікті көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін телемедицина дамытылады», - деді Президент.