Қызылжар аудандық әкімдігінің 10 қызметкері бюджеттегі «артық ақшаны» игеру мақсатында әрқайсысы 6 млн теңгеден сыйақы алған
Петропавл қалалық сотында Қызылжар ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы мен басқа да мемлекеттік қызметшілерге қатысты қылмыстық іске байланысты үкім шығарылды. Олар өздеріне бюджет қаражаты есебінен қомақты сыйақы тағайындап, пара алды деп айыпталған болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық әкімдігінің 10 қызметкері бюджеттегі «артық ақшаны» игеру мақсатында әрқайсысы 6 млн теңгеден сыйақы алған. Шығынның жалпы көлемі 60 млн теңгеден асты. Қаржы бөлімінің басшысы өздеріне сыйақы алу үшін басқа шығындарды қысқартып отырған. Мемлекеттік қызметшілердің әрекеті облыстық тексеру комиссиясы жүргізген аудит кезінде әшкере болған еді. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Оның басында қылмыстық топқа қатысты басқа да фактілер әшкере болды.
«2021 жылғы 13 ақпанда К. лауазымды тұлға бола тұра, шарттар жасасқаны үшін, сондай-ақ осы қызметтерді көрсету актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін С. Ж. - дан 1 500 000 теңге көлемінде пара алған. 2021 жылғы ақпаннан 15 наурызға дейінгі кезеңде К.Б., А.А. орындалмаған жұмысқа осы қызметтерді көрсету туралы актілерге қол қойған. Жеке кәсіпкер С.М. нақты жұмыстарды орындамай, оған төлем ретінде 1 990 000 теңге сомасында ақша аударған. Оның 1 690 000 теңгесі Б. және С. А.-мен бірлесіп берді. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші өкілдерінің айғақтарымен, куәгерлермен, жазбаша дәлелдемелермен, сондай-ақ сотталушы С.М.-ның мойындау айғақтарымен дәлелденді», - деп хабарлады Петропавл қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұрынғы бөлім басшысы Қасеноваға сот 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның сыбайластары С.Ж., С.А. және Б. үш және 2,5 жылдан бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылданды. Соңғысында жас баланың болуына байланысты жазасын өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалдырылды. Сот С.М. қылмысын бірден мойындап өкінгені, оның бұған дейін сотталмағанын ескере отырып, оған 19 900 000 теңге айыппұл салды.