Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар берілді
Сондай-ақ оларға ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқу гранты табысталды
Қазақстанда халықаралық олимпиадалардан жүлде алған 27 оқушыға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табысталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Fasebook-парақшасында хабарлағандай, жеңімпаз оқушыларға ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар берілген.
«Халықаралық олимпиадалардың жүлдегер оқушыларын салтанатты түрде марапаттадық. Биыл дарынды балаларымыз 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты. Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық.
Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды», - деп жазды ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
«Биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Біз еліміздегі барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізудің ашықтығына ерекше назар аударуды жалғастыра береміз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алатынын айтты.
«Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым. Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын. Бойларыңыздағы табандылық, қажырлы еңбек, білімге деген құштарлық қасиеттеріңіз сіздерді жаңа жеңіс пен табысқа жетелей берсін!», - деген А. Аймағамбетов жылы лебізін білдірді.