$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада арнайы жәрмеңкеде 1700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды

Жәрмеңкенің алғашқы сағатында 100-ден астам адам келді

Елордада арнайы жәрмеңкеде 1700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі

Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер үшін жалпы қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 60-тан астам жұмыс беруші қатысты, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy. 

Сондай-ақ, 9 жұмыс беруші пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 170-тен астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Жәрмеңкенің алғашқы сағатында 100-ден астам адам келді. Елорда тұрғыны Раиса Баратова аспазшы жұмысын іздеді. Мұнда жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бірден бірнеше ұйымға сұхбаттасуға шақыру алды.

«Қазір жұмыссыздарды жұмыспен қамту орталығында тіркеліп тұрмын. Чатқа хабарлама келді. Мұндай акциялардың болғаны жақсы. Шамамен 5-6 бос орынды көрдім. Әзірге аспазшы жұмысын іздеп жүрмін. Ұсынылған жалақы мөлшері ойдағыдай, 300 мыңға дейін барады», - дейді Раиса Баратова.

Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы Прокуратурасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, Әділет департаментінің және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері қатысты.

«Біз ақпан айынан бері бас-аяғы 49 жәрмеңке өткіздік. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін шағын жәрмеңкелер өткізуге тырысамыз. Бізде қала әкімдігінің қаулысы бар, онда мүгедектігі бар адамдар үшін, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгіленген. Оларды квота аясында жұмысқа орналастыруға тырысамыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының орынбасары Талғат Есімов.

Жұмыс іздеушілер өздерін қызықтыратын салада бос жұмыс орындарын іздеп қана қоймай, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге мүмкіндік берілді. Сондай-ақ азаматтарға Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша кеңестер берілді.

 

Серіктес жаңалықтары