Қарағанды облысында шенеуніктердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды
Кінәлары дәлелденсе мүліктері тәркіленіп, 4 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қарағанды облысында шенеуніктердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Осакаровка ауданы Молодежный кентінің әкімдік қызметкерлері жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Нақты қанша адамның айыпталып жатқаны белгісіз. Ол туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері нақтыламады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желіні бақылау Молодежный кентінің тұрғындары жергілікті жолды тексеру туралы өтініш жасаған. Тексеруге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қосылды және де бірқатар қылмыстық іс қозғалды», - деді «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Малика Күсенбаева.
Әкімдіктің лауазымды тұлғалары "қызмет бабын пайдалана отырып сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабымен айыпталған. Кінәлары дәлелденсе мүліктері тәркіленіп, 4 жылға дейін сотталуы мүмкін. Молодежный кентінің тұрғындары «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы бойынша өткен жылы қазанда жөнделген жолдар арада 7 ай өткен соң ойылып кеткенін айтып шағымданған. Тіпті шұңқырлар екі рет жөнделген. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша 13 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен 500 млн теңгедей қаржы бөлінген. Тексеру басталған соң мердігер кей учаскелерді қайта жөндеп жатыр. Жаңа асфальттің тез бұзылуына осы жолдармен жүретін жүк көліктері кінәлі дейді. Ал оларды неге ескермегендерін өздері де түсінбейтінін айтты.
«Ақша бөлініп жобалық сметалық құжаттама дайындаған кезде барлық көшеге бірдей бір стандартпен жасалған. Ауыр жүк көлігі ескерілмеген. Оның үстіне осы маңда мектептің жанында қардан қорғайтын қоршау тұрғызылған. Онда қар көп жиналады да көктемде еріп жолдың шетін шайып кетеді», - деді Қарағанды облысы Осакаровка ауданы Молодежный кенті әкімі аппаратының бас маманы Светлана Ионова.